Тақырыбы: Аялай біл, сен деп соққан жүректі
Мақсаты: жанында жүрген жақын адамдарды ( отбасы мүшелері, құрбы — құрдастар, достар) сыйлауға, құрметтеуге үйрету
Міндеттері:
— адамдардың бір — біріне деген мейірім — шапағатының мән — мағынасын түсіндіру;
— жаныңда жүрген жақын адамдарға деген сүйіспеншіліктерін дамыту;
— жаныңда жүрген жақын адамдарды сыйлай, қадірлей білуге тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылармен бірге үлкен шеңберге жиналып, үнтаспаға қосылып «Достарым» әнін айтады.
«Достарым»
Сөзі: М. Асандікі
Әні: Е. Жақыпхановтікі
Балалықтың бүлдіршін жыр жазайықшы,
Анамызға шат күлкі тыңдатайықшы.
Күй ойнасын кеудеде көктемдей сезім,
Қол ұстасып кел достар сырласайықшы.
Қайырмасы:
Достарым, достарым,
Әсем әнге бастадым.
Көңіл қарлығаштарым,
Достарым менің.
Арманым арманым,
Әсем жырды арнадым.
Жарқын жүзді жандарым,
Менің достарым.
Әңгімелесу
Оқулықта «Ойланайық, пікірлесейік» айдарында төмендегідей сұрақтар берілген:
«Аялау», «қадіріне жету», «қадірін білу» деген сөздерді қалай түсінесіңдер?
Айналаңдағы адамдардың жақсылығын, мейірімін сезіп, байқап, бағалайсыңдар ма?
Қалай?
Өзің жақсы көрген адамның саған немқұрайдылық танытқан кездері болды ма? Сол
кезде не сезіндің?
Өзіңе «Маған мейірім — шапағатын аямаған адамдар үшін мен не істедім?» деген сұрақ қойып көрдің бе?
Адамдар саған «рақмет» айта ма? Ал өзің ше?
Жаңа ақпарат
Балалар әңгімелесу арқылы өз қорытындыларын жасаған соң, оқулықтағы жаңа ақпаратқа назар аудартады. оқушы берілген ақпаратты тек қана қабылдап
қоймайды, сонымен бірге әңгімелесу әдісіндегі өз шешімі мен ойының дұрыстығын, тіпті болмағанда оның басқа нұсқалардың ішіндегі артықшылығын логикалық түрде түсінеді. Жаңа ақпараттағы мәтінге қарап, оқушы өз жауабын тереңірек қарастыруды ойластырады.
Оқулықта берілген ақпаратты мұғалім оқып береді.
Жаныңда жүрген жақын адамдарға жүрек жылуын жеткізе білу. Айнала қоршаған адамдар, отбасы мүшелері, құрбы — құрдастар, достар арасындағы сыйластық, құрмет.
Адамдардың бір — біріне мейірім — шапағаты.
Жаныңдағы жақын адамдарды сезіне білу, оларды аялай білу. Әрбір қарым – қатынасты ізгі ниетке құрған жағдайда ауызбіршілік сақталып, жүректер үйлесімділік табатындығы сөзсіз.
Мәтінмен жұмыс
Оқулықта оқып үйренейік айдарында мәтінмен қоса талқылауға арналған сұрақтар берілген. Ол сұрақтар оқушылардың мәтін бойынша талқылау жүргізе алуына мүмкіндік береді. Мұғалім оқушылардың мәселені түйіндеп, талдап қорытындылай алу дағдыларын қалыптастыру мақсатында мәтінді түрлі жолдармен безендіруді тапсыруына болады. Мәтін бойынша берілген мұндай тапсырмада оқушылар түйінді сәттерде кесте, тізім, сызба түрінде ұсынуы мүмкін.
Ана махаббаты
Р. Акдемір
1. Ана неліктен балаларының көңіл күйін бұзғысы келмеді?
2. Балалары саяхатқа жиналған кезде ана қандай сезімде болды деп ойлайсыңдар?
3. Балалар саяхаттан неліктен бас тартты?
4. Балалардың өз шешімдерін құпия ұстауының себебін қалай түсіндірер едіңдер?
Жағдаятты талдау
Оқулықта жағдаяттарды талдау айдарында төмендегі жағдаяттар берілген.
Жағдаяттарды шешіңдер. Сұрақтарға жауап беріңдер.
1. Саят өз ата — анасын басқа балалардың ата — аналарымен көп салыстырады. Кейде Саятқа өз ата — анасы басқалардыкіндей емес сияқты болып, оларға ренішпен қарайтын болды.
Саяттың іс — әрекеті дұрыс па?
Саятқа қандай кеңес берер едіңдер?
2. Меруерттің көңілі ештеңеге толмайды. Типті ол бәйек болып жүретін ата — анасының, жақындарының мейірімі мен қамқорлығын сезінбейді де. Меруерт өзінің бұл қылығына еш қиналмайды.
Меруерттің немқұрайдылығының себебі неде?
Меруерттің бойында қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыңдар?
3. Ербол үйіндегі кәрі әже, атасының мазасыздығына, құлағының нашар еститініне ашуланады. Ол қарттардың табиғи қауқарсыздығын түсініп тұрса да, қалай ашуланғанын сезбей қалады.
Ербол неліктен қарт адамдарды түсінбейді?
Ерболға қандай кеңес бересіңдер?
4. Сыныптағы досыңның анасы қатты ауырып қалды, ал сендер болсаңдар, қала сыртына саяхатқа билет алып қойғансыңдар. Не істер едіңдер?
Саяхаттан бас тартасыңдар ма?
Достарыңа қандай көмек ұсынасыңдар?
Жағдаятты талқылаудың мақсаты — оқушылардың айнала қоршаған ортаға, адамдарға түсіністікпен қарауға, өздерін өзгелердің орнына қоя білуге үйрету. Жақындарына құрмет, жанашырлық сезімдерін туғызып қана қоймай оның бекуіне жағдай жасау.
Дәйексөз
Сабақта меңгерген білім, біліктерін қорытындылап, түйіндеу мақсатында оқулықта Альфред Адлердің қанатты сөзі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіріліп, талқыланады.
Өзінің айналасындағы жора — жолдастарының, бауырларының жан дүниесіне үңіліп қарамаған адам өмірде үлкен қиыншылықтарға кезігеді және айналасына зиянын тигізеді.
Альфред Адлер
Тапсырма
Оқушыларды меңгерген құндылықтардың күнделікті өмірдегі маңыздылығын түсініп, қолдана білуге үйрету мақсатында оқулықта төмендегідей тапсырма берілген.
Өзіңнің жақындарыңды қалай қуантар едің? Тізбектеп жаз. 24 — бет 2 — тапсырма
Түйіндеме
Оқулықтағы «Назар аударайық» айдарымен берілген ақпаратты мұқият қарап шығып, балаларға жадында сақтап алу тапсырылады.
Ата — ана жүрегінің лүпілін сезе біл, олардың жанарынан көңіл хошы мен тыныштықты, бақыт пен қуаныш сәулесін, беймазасыздығын мен әбігерленуін, қиналысы мен кейістігін көре біл. Ата — ананың көзінен оның жан — дүниесін көре білуге жастайыңнан үйрен.
В. А. Сухомлинский
Жүректен жүрекке
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, үнтаспаға қосылып Л. Хейдікі
«Ризамын» әнін айтады.
Ризашылық әні
Сөзі мен әні Луиза Хейдікі
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге.
Ризамыз, ризамыз, ризамыз бүгінге,
Ризамыз, ризамыз, ризамыз қазірге
Сабақ аяқталды.
Оқушылардың өз қолдарымен жасап келген жүрекшелерін өздерінің сүйікті мұғалімдеріне, ата — аналарына, құрбы — құрдастарына, достарына сыйлайды.